Ақтауда полиция қызметкерлері қылмыстық топты әшкереледі
Ақтауда полиция қызметкерлері қылмыстық топты әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде Ақтау қаласының «Кораблик» бизнес орталығының артындағы автожолда Toyota Camry автокөлігін тоқтатып, бопсалау фактісіне күдікті 26 жастағы жүргізушісі мен 27 жастағы оның жолаушысын ұстады.
Жәбірленушінің айтуынша, бір топ адамдар оны бірнеше рет ұрлап, ұрып-соғып, атыс қаруын қолданамын деп қорқытып, 500 мыңтеңге талап еткен, сондай-ақ жәбірленушіге тиесілі автокөлікті алып кеткен.
Полицейлер автокөлікті тінту барысында патрондары бар «ПМ» маркалы жауынгерлік тапаншаны тауып, тәркіледі. Күдіктілердің уақытша тұрғылықты жерін тінту барысында бірінің пәтерінде бірнеше жауынгерлік және травматикалық оқ-дәрілер табылып, тәркіленді. Басқа екі мекенжай бойынша тінту кезінде 25, 26 және 28 жастағы бопсалау дерегіне күдіктілер анықталды. Олардың тұрғылықты жерінен полицейлер тағы бір тапанша, екі мылтық және оларға оқ-дәрілердің едәуір санын тауып, тәркіледі.
Мекенжайлардың бірінен Opel Vectra көлігі табылды. Оны ұсталғандар жәбірленушіден күшпен тартып алғаны белгілі болды.
Бопсалау және қаруды сақтау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер өз әрекеттерін мойындады. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтауға бағытталған қажетті жедел-тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр.