Қарапайымдылық – қадірлі қасиет
Өткен жылдың желтоқсан айында ойылып кеткен мұзды судан екі баланы құтқарып қалған жамбылдық полицей қарапайымдылығымен сүйсінтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне полиция қызметкерлері хабарласып, ерекше оқиға туралы айтып берді. Ол Тараз қаласының полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Қайрат Тұрлыбаевтың 2022 жылдың желтоқсанында мұз астына құлап кеткен екі баланы құтқарғаны туралы еді.
Желтоқсанның аязды күндерінiң бiрiнде учаскелік полиция инспекторы әдеттегідей жұмысқа бара жатқан. Саңырақ батыр көшесінің бойындағы каналдың жанынан өтiп бара жатқанда, көлігiнiң ашық терезесiнен балалардың көмек сұрап айқайлаған дауыстарын естіген.
Еш ойланбастан ол көлікті тоқтатып, каналға қарай жүгірген. Жақынырақ келгенде кеудесіне дейiн суық суға батып, мұздың шетінен ұстап, айқайлап тұрған 9 және 10 жастағы екі ұл баланың көрген.
Полиция қызметкері тез арада мұзды суға секіріп, балаларды бірінен соң бірін судан шығарып алған. Мекенжайларын сұрап, отбасына аман-есен табыстаған.
Оқыс жағдайдан аман алып қалған полиция қызметкерiне ата-анасы құтқарғаны үшін алғыстарын білдірген.
Үсті-басы әбден су болған полиция қызметкері Қайрат Тұрлыбаев киімін ауыстырып, болған жағдайды ешкімге айтпастан қызметін жалғастыра берген.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде ерлік істері үшін марапатталған полиция қызметкерлері туралы ақпаратты көрген балалардың ата-аналары аталған полиция қызметкеріне де ел алдында алғыс бiлдiрiп, марапатқа ұсынылғаны жөн деп санаған. Осы мақсатта Қайрат қызмет ететін полиция бөліміне қоңырау шалып, орын алған тосын жай туралы баяндап берген. Олар Қайрат Тұрлыбаевты екі баланың өмірін құтқарғаны және қызметіне деген адалдығы үшін марапаттау қажет екендігін жеткізді.