Шымкентте синтетикалық есірткілерді таратуға келген Алматы қаласының тұрғыны ұсталды
Шымкентте синтетикалық есірткілерді таратуға келген Алматы қаласының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы есірткі тұтынушылардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп отырғанын, осыған байланысты есірткі заттарын таратуға қарсы күрес жұмыстары жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс екендігін атап айтты. Сәйкесінше, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресу жұмыстарын жандандыруды мықтап тапсырды.
Осы орайда, Шымкент қаласы полиция департаменті Мемлекет басшысы пен Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, қала аумағында есірткімен байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды күшейтті.
Қабылданған шаралар нәтижесінде, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жыл басынан басқалалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп отырған зұлым заттарды қаламызда таратып жүрген бірқатар қылмыскерлерді құрықтады.
Кезекті іс-шара барысында полиция қызметкерлерінің назарына Алматы қаласынан келген жас жігіт ілініп, қысқа мерзім ішінде оның қылмыстық мақсаты мен әрекеті әшкереленді.
Жеке тінту барысында Алматылық тұрғыннан 1 полиэтиленді пакетке салынған есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған зат синтетикалық есірткі екендігі расталып, жалпы салмағы 101 грамды құрады. Ол аса ірі мөлшердегі есірткі деп есептелінеді.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Полиция қызметкерлері есірткі заттарымен байланысты кез-келген заңсыз әрекет қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін және ол үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылғанын ескертеді.