Елордалық полиция басшысы бокстан әлем чемпиондарын марапаттады
Елордалық полиция басшысы бокстан әлем чемпиондары мен қызметте ерекше көзге түскен қызметкерлерді марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Астана қаласы полиция департаментінің бастығы генерал-майор Марат Төлебаев Өзбекстанда өткен бокстан әлем чемпионатында жүлделі орындарға ие болған спортшыларды құттықтап, жеңімпаздарды «Қазақстан полициясына 30 жыл» медалімен марапаттады. Қазақстан құрамасы Ташкентте 4 алтын, 1 күміс медальды жеңіп алды.
Санжар Тәшкенбай, Махмуд Сабырхан, Серік Теміржанов, Дулат Бекбауов, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбай Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғады.
«Астана қаласының полиция департаментіне 25 жыл» медалімен Астана қаласының Панкратион федерациясы президентінің орынбасары кикбоксингтан спорт шебері Мақсат Қадырбаев марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында Президенттік көпсайыс бойынша жарыста абсолютті чемпион атанған ЖҚАЖ аға инспекторы Ізбасар Мұсабеков болды. 11-16 маусым аралығында Астана қаласында Президенттік тест бойынша VIII Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Елордалық полиция басшысы Астана қаласы ПД «Елорда» ұжымының көркемдік жетекшісі Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Ғалия Садымованы марапаттады.
Бұған дейін елордалық полицейлер Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлері арасында өткен «Міндет. Абырой. Ерлік» республикалық көркемөнерпаздар байқауында бас жүлдені иеленгенін еске саламыз.
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Астана қаласы бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында өткен «Дәстүрден тағылым» байқауына қатысушылар да марапатталды. Екінші орын алғаны үшін кадр саясаты басқармасының бас маманы Айдана Бақытқызы марапатталды.