Павлодарда жас полицейлер ант қабылдады
Павлодарда жас полицейлер ант қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодарда жас полицейлер ант қабылдады. Бұл күні олар погондары мен алғашқы қызметтік куәліктерін алды. Павлодар облыстық ПД бастығы Василий Скляр жаңадан келген қызметкерлерді құттықтап, әрбір қызметкер үшін анттың маңыздылығын атап өтіп, лайықты қызмет атқаруларына, азаматтардың құрметіне бөлену үшін барлық күш-жігерлерін жұмсауға тілек білдірді.
– Бүгіннен бастап халық алдындағы жауапкершілік сіздердің иықтарыңызда. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі сіздерге байланысты. Бұл күн сіздің болашақ өміріңіздің бастапқы нүктесі болады. Сіздердің абыроймен қызмет ететіндеріңізге, азаматтарымыздың мүдделері мен қауіпсіздігінің лайықты қорғаушылары болатындарыңызға сенімдімін! Адал да батыл болыңыздар, заңды бұлжытпай орындаңыздар және кәсібилік, әдептілік, жоғары мәдениет қылмыспен күресте басты қару екенін есте сақтаңыздар. Өз ісіңіздің кәсіби маманы болып, офицерлік шен мен абыройды биік ұстауларыңызға тілектеспін, – деді Василий Скляр.
Қиын, бірақ абыройлы да елеулі қызметті таңдаған жас қызметкерлер бұл күн олардың жадында мәңгі сақталатынына, халқы мен Отанының игілігі үшін борышын абыроймен атқаратынына уәде берді.
– Антқа адалдық, берілген уәдеге адалдық – бұл ешқандай жағдайда сатқындық жасауға болмайтын шекара. Бұл күнді өмір бойы есімде сақтаймын, – дейді полиция қызметкері Снежана Мекшун.