СҚО полицейлері нашақорлыққа қарсы күрес айлығын қорытындылады
СҚО полицейлері Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күнін ашық аспан астындағы ерекше концертпен қарсы алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұлтты күнге қарамастан арнайы шақырылған әртістер мен спортшылар Петропавл тұрғындары мен қонақтарына сергектік пен позитивті көңіл күй сыйлады. Көрермендер үшін әсерлі әндер мен билер, спорт мектебінен келген жас каратэшілердің өнері көрсетілді, олар кекушинкай-кан каратэ бойынша шеберлік сабағын өткізді, танымал диджей Ханның орындауындағы заманауи эстрада әуендері паш етілді.
Көрермендерді жекпе-жек өнерімен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері таң қалдырды. Есірткі іздеуге үйретілген спаниель Грета концерттің «жұлдызы» болды. Кинолог-инспектор Александр Борисенко көрермендер арасынан еріктіге құрамында есірткі бар имитатор салынған пакетті жасыруды сұрады. Көрермендердің көз алдында Грета сынақтан сүрінбей, имитаторды тауып алды. Сондай-ақ концертте СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров өскелең ұрпақтың бойында есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруға үлес қосқан белсенділерді марапаттады.
– Концерттік бағдарламадағы әрбір қатысушының орындаған өнері арқылы есірткісіз өмірді таңдаған кез келген адам үшін зор мүмкіндіктер бар екенін көрсетпек болдық. Бұл Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні шеңберіндегі айлықтың соңғы іс-шарасы. Барлығы 45 профилактикалық іс-шара өткізілді. Салауатты өмір салтын насихаттауда полиция қызметкерлеріне көмек көрсеткен барлық азаматтарға алғысымызды айтамыз. Барлық азаматтарды есірткіден аулақ болуға шақырамыз, – дейді Руслан Назаров.
СҚО-да жыл басынан бері полицейлер 636 келі түрлі есірткі тәркіледі, оның бір келіден астамы – синтетикалық есірткі. Есірткінің заңсыз айналымы саласында 120 қылмыс тіркелді, оның 48-і – өткізу фактісі.