Қызылордадағы тергеу изоляторына шекарашылар барды
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мемлекеттік мекемесіне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Басты мақсат – жемқорлықтың салдары қайда апарып соқтыратынын көрсетіп, олардың бұл індетке қарсылығын қалыптастыру.
Тергеу изоляторына келген шекарашыларды режим және күзет бөлімі бастығының орынбасары Ерлан Романкулов күтіп алып, алдымен мекеменің негізгі қызметі мен қамауда ұсталынатын азаматтардың жай-күйі жайлы айтып берді.
Одан соң, арнайы аймақты аралатып, шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандардың жатын орындары мен асхана, кітапхана, монша, бос уақытын тиімді пайдалануға арналған спорт алаңы мен жатахана аумағындағы гүлзар алаңын көрсетті.
Жазасын өтеушілердің аппақ таза төсектері мен демалыс орындары, спорт саласындағы жетістіктері келушілерді таңқалдырды.
– Теміртордың арғы жағында осындай жағдай болады деп ойламаппыз. Әйтседе, ішкі тәртіпті бұзғаны үшін қамалатын карцер камерасының адам бойында үрей туғызатыны анық. Мұнда әр азаматқа керекті негізгі жағдай жасалғанмен, бостандықтағыдай болмайтыны анық. Сондықтан, барша азаматтарды қылмыс жасамай, ел заңына бағынып өмір сүруге шақырамын, – деді Темірлан Серікқалиев.
– Бүгінгі тергеу изоляторы басшылығымен бірлесе отырып өткізген іс-шарамызда қызметкерлеріміз жемқорлыққа барған адамның жазаға тартылған жағдайда, алдында не күтіп тұрғандығын көзімен көріп, суық камералардың ызғарын сезініп қайтты. Сондықтан жеке құрамды қызметтік міндеттерін адал атқарып, асыра пайдаланбауы үшін, олардың өзіне жүктелген міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, абыроймен жұмыс жасауға шақырамын. Жемқорлықтың түбі – жаза.