Ақмола облысының тұрғындарын 17 млн теңгеге сан соқтырған азаматқа қатысты тергеу жүріп жатыр
Ақмола облысының тұрғындарын 17 млн теңгеге сан соқтырған азаматқа қатысты тергеу жүріп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Біржан Сал ауданының полиция бөліміне алғашқы өтініш өткен жылдың желтоқсан айында келіп түсті.
Арыз берушінің айтуынша, бейтаныс адам мал сатып алу бойынша келісім шарттарды орындамаған.
Мән-жайларды анықтау барысында 2022 жылдың қазан айында Астана қаласының тұрғыны шарт бойынша малды сатуға алғаны, ал ақша мал сатылғаннан кейін қайтарылуы тиіс болғандығы анықталды. Алайда, жәбірленуші уәде етілген ақшан ала алмаған.
Кейін полиция бөліміне Анғал батыр және Жаңалық ауылдарының 11 тұрғыны осындай арызбен жүгінді. Олардың барлығының оқиғасы бірдей болып шықты. Залалдың жалпы сомасы 17.3 млн теңгеден асады.
Аталған дерекке қатысты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 58 жастағы ер адамды анықтап, оның осы қылмысқа қатысын тексеріп жатыр.