Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 22 фактісі анықталды
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 22 фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жер қойнауын заңсыз пайдалану жайттарын анықтап, заңсыздыққа жол бермеу мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың бақылауымен 1 айға жоспарланған арнайы іс-шара жүргізіліп жатыр. Оған ПД-ның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері мен табиғатты қорғау тобының инспекторлары жұмылдырылды.
Департамент бастығының қадағалауымен құрылған топпен атқарылған шара барысында 20 тәулікте 22 факт анықталды.
Мәселен Шымкент – Бадам – Арыс тас жолының бойында орналасқан Бадам тас карьерінде заңсыз тас артып шығып келе жатқан КамАЗ және HOWO ауыр жүк көліктері анықталып, айыптұраққа қойылды. Аталған жайттар бойынша тиісті құжаттар жинақталып, шешім қабылдау үшін экология департаментіне жолданды.
Бұл бағыттағы жұмыстар әкімдіктің тиісті мамандарымен полицейлердің күн тәртібінен түспей, арнайы шаралар облыстың барлық аумағында өз жалғасын табатынын еске саламыз.