Семейде диплом жасап беремін деп қаражатты қалтасына басқан алаяқ қолға түсті
Семейде диплом жасап беремін деп қаражатты қалтасына басқан алаяқ қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 шілде күні Семей қаласы ПБ-ға “102” жедел арнасына 43 жастағы жергілікті тұрғын жүгініп, 2023 жылдың қаңтар айының соңында бейтаныс адам сенімді теріс пайдаланып, алаяқтық жолмен 600 мың теңге сомасында қаражатын иемденгенін хабарлаған. Күдіктінің берген уәдесі іске аспайтынына көзі жеткен жәбірленуші полицияға жүгінген.
Жәбірленушінің айтуынша, алаяқ диплом алуға көмектесемін деп уәде беріп, қолына ақша түскен соң “ізін суытқан”.
– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтаған. Күдікке ілінген 55 жастағы ер адам жұмыссыз екені белгілі болды. Жауап алу барысында ол кінәсін мойындап, қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсағанын айтқан, – деді облыс ПД бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.
Алаяқтық дерекке қатысты ҚР ҚК- нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.