Алматыда 13 мыңнан астам жаяу жүргінші жол қозғалысы ережесін бұзған
Алматыда жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 13 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыдағы жол-көлік оқиғаларының үрдісі кейбір жол қозғалысына қатысушылардың тәртібінің нашарлығын көрсетеді. Жаяу жүргіншілердің ЖҚЕ бұзудың алдын алу қашанда өзекті болып қала береді. Алматыда жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 13 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, биылғы жылдың 7 айында қала жолдарында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 961 жол-көлік оқиғасы болған, соның салдарынан 663 адам зардап шегіп, 32 адам қаза тапты.
– Бұл статистика алаңдаушылықты тудырады. Жол-көлік оқиғалары мен өлім-жітімді азайту үшін әрбір жол қозғалысына қатысушы өзінің және өзгенің қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті сезінуі, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы және жолда мәдениетті арттыруы маңызды. Қалада жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзуды, жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтауға және жолын кесуге, сондай-ақ басқа да өрескел бұзушылықтарды анықтауға бағытталған «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрақты негізде жүргізіліп жатқаны баршаға мәлім. Біздің басты міндетіміз – жазалау емес, қайғылы оқиғалардың алдын алу, – деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің командирі Орал Ахимов.