Қызылорда облысында есептегі сотталғандар арасында спорттық жарыс өтті
Аудандық жастар ресурстық орталығының және аудандық пробация қызметі мен аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен пробациялық есепте тұрған азаматтарға эстафеталық және спорттық сайыстар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шараның мақсаты – пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спортқа бейімдеу.
Спорттық шараны аудандық жастар ресустық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов пен аудандық пробация қызметінің инспекторы Ермек Шанжаров жастарға қайта қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылық жасамау керектігін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс спорттың дойбы, шахмат, арқан тартыс, гір көтеру, қол күрес түрлерінен өтті. Жарысқа есептегі 30-дан астам сотталған белсенділік танытып, қатысты. Арқан тартыста есептегі азаматтар бір-бір команда болып, қол күреске білек күші мықты сотталғандар қатысып, жарыс көркін қыздырды. Қызық да, тартысты өткен жарыста жеңімпаздар анықталып, ұйымдастырушылардың алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Бала кезімнен спортты жаныма серік еткенмін. Мәдени-спорттық шараларға жиі қатысып тұрамын. Бүгінгі жарыста қарсыластарым да осал болмады. Жарыс қорытындысымен жүлделі орын алдым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді есептегі азамат.