Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да Абай есімді полицей өз қызметі жайлы айтып берді

10 тамыз – Абай күні. Осыған орай ШҚО полициясында қызмет ететін Абай Сағиұлы  Polisia.kz редакциясына өз қызметі жайлы айтып берді.

Абай Сағиұлы Күршім ауданының Тақыр ауылында дүниеге келген. Отбасында жеті баланың кенжесі. Бүгінде Ұлан ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында қызмет етеді.

– Жанұямның сүт кенжесі болғандықтан, есімімді анам қойған. Өкінішке орай, анамыз қазір ортамызда жоқ, биыл дүниеден өтті. Анамның айтуынша, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев сияқты белгілі тұлға, білімді, саналы азамат болсын деп атымды ырымдап қойған екен. Анам маған үміт артып, өз есімімді абыроймен алып жүруді тапсырып кетті, – дейді полиция қызметкері.

Абай орта мектепті бітірген соң әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеп келген. Әскерден келген соң әртүрлі жұмыстармен айналысып, 2004 жылы құқық қорғау саласына жұмысқа орналасқан.

Абайдың айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті қадағалау, табан асты жағдайларға дайын болу – үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

– Құқық қорғау саласында қызмет етуді бала кезімнен армандадым. Полиция қызметкерлерін көріп, халыққа қызмет етуді қаладым, – дейді Абай Сағиұлы.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тәртіп сақшысы қазір ортасына сыйлы, ұжымында үздіктердің қатарында.

– Мектепті аяқтаған соң әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскерде жүргенімде сарбаздар есімімнің ерекше екенін байқап «Ұлы Абай атамыздың өлеңдерін жатқа білесің бе?» деп сұрайтын. Сол кезде мектеп қабырғасында жаттаған ақынның өлеңдері мен қарасөздерінен үзінділер оқып беретінмін. Қазір оның бәрі есімде жоқ. Алайда ақынның «Әсемпаз болма әрнеге», «Көзімнің қарасы» деген өлеңдері есімде жатталып қалыпты. Абай қазаққа бағыт-бағдар беріп тұрған тұлға ғой. Сол себепті есімнің өзі жауапкершілік жүктейді. Абай есімін арқалап жүрген азаматтардың жаман жолға түсуге хақысы жоқ сияқты көрініп тұрады, – дейді Абай Сағиұлы.

Ұлы ақынның есімі қойылған полицей Абайдың алға қойған мақсаты көп. Нағыз ер-азаматтарға тән жүректілік пен батылдықты талап ететін мамандық иесі өз қызметінде абыройлы еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет етуді мақтан етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру