Қызылорда облысында үй жануарларына жарық шағылыстырғыш лента тағу жұмысы жалғасып жатыр
Қызылорда облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында үй жануарларына жарық шағылыстырғыш лента тағу жұмыстары жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республикалық маңызы бар Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолы бойындағы, Қызылорда облысы Арал ауданы аумағына жақын орналасқан Аққұм, Ақирек, Аралқұм ауылдық округінің тұрғындары мен шаруа қожалық иелерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің мамандары және аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен түсіндірме жұмыстары өткізілді.
Жиналыс барысында төрт-түлік малдың автомобиль жолына шығып кету себебінен жол қозғалысының қауіпсіздігі бұзылып, оның ішінде адам денсаулығы мен материалдық шығындар болуы әбден мүмкін екендігі және жарық шағылыстырғыш лентаның көлік жүргізушісінің дер кезінде жол апатынан сақтануына көмегін тигізетіндігі айтылды.
Қазіргі таңда жергілікті тұрғындарға малды қараусыз қалдырмау туралы түсініктеме берілді және тұрғындар ұсынысы алдағы уақытта да ескерілетіндігін айтты.
Нәтижесінде жыл басынан автожолдар мен темір жолға жақын орналасқан елді-мекендердегі мал иелеріне шамамен 300-ге жуық жарық шағылыстырғыш ленталары тегін ұсынылды.