Павлодар облысында жыл басынан жалған нөмірлі 25 көлік анықталды
Павлодар облысында жыл басынан жалған нөмірлі 25 көлік анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс жолдарында және қалаларда жол жүру ережелерін бұзуды тіркейтін жүйелер орнатылған. Кейбір жүргізушілер камера деректерін алдауға тырысып, әртүрлі заңсыз амалдарға барады. Оның ішінде өз көліктеріне жалған нөмірлік белгілерді орнатады. Бірақ мұндай заңсыз әдістер үшін жауапкершілік қарастырылған.
Мысалы Павлодар қаласында академик Шоқин көшесі бойында Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының инспекторлары 21 жастағы қала тұрғынының жүргізуімен Daewoo Nexia автокөлікті тоқтатты. Полиция қызметкерлері тексерген кезде автокөліктегі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жалған екендігі анықталды. Осылайша жүргізуші жол жүру ережесінің 2-тарауы 12-тармағы 5 тармақшасын бұзды.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі (Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару) бойынша әкімшілік материал толтырылды.
Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Осы баптың санкциясы 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуды және 1 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыруды көздейді. Құқықтық тәртіп сақшылары нөмірлік белгілерді тартып алды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды, – дейді Павлодар облысы ПД.
2023 жылдың басынан бастап павлодарлық полицейлер жалған немесе жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көліктерді жүргізген 25 жүргізушіні анықтады.