Астаналық полицейлер мас жүргізушіні анықтады
Елордалық полицейлер бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған адамның мас күйінде автокөлік жүргізуінің кезекті фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Таңертең сағат 06:40-де патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Kia Cerato автокөлігін тоқтатты. Көлік басқарған азаматтың құжаттарын тексеру кезінде 37 жастағы елорда тұрғынынан алкогольдің қатты иісі шыққан. Сондай-ақ оның 2022 жылы мас күйінде көлік жүргізгені үшін басқару құқығынан айырылғаны да белгілі болған. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша масаңдықтың “жеңіл дәрежесі” анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылып, жүргізуші Астана қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Елордалық полиция қызметкерлері апаттылықты азайту, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты анықтау және жолын кесу, көшелер мен қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында көлік құралдарын мас күйінде жүргізетін жүргізушілерді анықтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр.