Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталғандар Абай шығармашылығын дәріптеді

Қызылордада сотталғандар Абай шығармашылығын дәріптеді, – деп хабарлайды Polisia.kz

Қызылордада 10 тамыз Абай Құнанбайұлының туған күніне орай темір торға қамалғандар арасында кемеңгердің еңбектерін дәріптеу мақсатында шығармашылық жарыс өтті. Іс-шараға ұлы ақынның өмірбаяны мен шығармаларын жатқа білетін экстремизм және терроризм баптары бойынша сотталған азамаматтар қатысты.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Бұл кезеңде сотталғандар ақынның табиғат лирикалары мен өнер-ғылымға арнаған шығармаларын нақышына келтіріп орындады.

Екінші кезеңде Абайдың қара сөздерін оқып, мән-мағынасын ашып, ойшыл ғұламаның сөздерінен ғибратты ой түйіндеді. Ал үшінші бөлімнің шарты бойынша сотталғандар дана тұлғаның дара өмір жолы мен шығармашылығы бойынша дайындалған сұрақтарға жауап берді.

– Бұл іс-шараның мақсаты – сотталғандарды ұлы ойшылдың шығармашылығымен және өмірбаянымен таныстыру. Абай туралы қарапайым түсінік беріп қана қоймай, оны ата-бабалар мұрасы ретінде тануға, құрметтеуге, түсінуге үйрету. Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Сол себепті оның шығармалары мен қара сөздерін сотталғандардың жатқа айтуы – олардың түзелуіне үлкен септігін тигізетіні анық, – дейді мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Қайрат Олжабаев.

Жарыс нәтижиесі бойынша Абайдың өмірбаяны мен қара сөздерін жатқа айтып, қойылған сұрақтарға толық жауап берген Н. есімді сотталушы бірінші орынды иеленді. Талғат Меңдібай бұл жазасын өтеушіге “Адамзаттың алтын тәжі” деген тақырыпта жазылған Мұхамед пайғамбардың өмірбаяны жайлы кітапты сыйға берді.

Ал екінші, үшінші орын алған сотталғандарға таза табиғи заттардан жасалған “Балқаймақ” дүкен өнімдері таратылды. Бұл өнімдерді алуға Қорқыт университетінің пиар менеджері Талғат Меңдібайұлы сеп болып, облыстық жастар ресурстық орталығының директорының орынбасары Тілес Оспанұлы Талғат демеушілік жасады.

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған ойшыл, ақын, ағартушы, қазақтың қайталанбас дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының даналығы жаза басып, жаңылған жандарды түзу жолға салуға игі әсері болғаны анық.

– Бүгінгі жарыс маған ұнады. Ғұлама Абайдың қара сөздерінің мәні зор екен. Бұл жерде бос уақыт көп. Енді алдағы уақытта камераға Абайдың қара сөздерін алдырып оқимын, – деді 8 жылға бас бостандығынан айырылған 22 жастағы сотталған.

Сондай-ақ, ЗК-169/4 мекемесінде тәрбие бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен сотталғандар арасында “Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе” атты мәнерлеп оқу шарасы өтті.

Сотталған азаматтардың қатысуымен болған бұл іс-шарада олар ақынның өмір жолы мен шығармалары жайында жан-жақты ой қозғады. Олардың бірі өлеңдерін мәнерлеп оқыса, енді бірі қара сөздерінің мағынасына бойлап, өз-өзін танып білді. Тіптен бір сотталған “Абай жолы” романын оқығанын айтып, алған әсерімен бөлісті.

– “Абай жолы” романын екінші қайтара оқыдым. Өйткені мұнда бос уақытым көп болады. Романдағы Құнанбай образы ұнады. Абайдың жолы қазақтың жолы екенін білдім. Бұл эпопея, халқымыздың бүкіл салт-дәстүрін насихаттайды екен. Бейне бір тарихи кино көргендей әсерде жүрмін, – деп Е. есімді сотталған романнан үзінді оқып берді.

 

– Мен кітапханадан ақынның өлеңдер жинағын алып оқыдым. Ақынның “Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат” және “Адасқанның алды –жөн, арты-соқпақ” деген өлеңдерінде айтылғандай, шынында да, мен арзан ойынға қызығып, қылмыс жасадым. Қисық соқпаққа түсіп, адасып кеттім. Енді міне, соның жазасын өтеудемін, – деп өз ісіне өкінетіндігін білдірді сотталған.

 

– Бүгінгі іс-шараның сотталғандар үшін тәрбиелік мәні зор болды. Өйткені олар ақын шығармалары арқылы өз-өзін танып, өз міндеріне сыни қарап адамгершілік қасиеттер мен “толық адам” қандай болу керектігі жайлы толғанысқа түсіп, біраз рухани азық алғаны сөзсіз, – деді мекеменің тәрбие бөлімінің бастығы Абдулла Уайдаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру