Жыл басынан Петропавлда 44 велосипед ұрлығы тіркелді
Жыл басынан Петропавлда 44 велосипед ұрлығы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маусымдық қылмыс түрінің алдын-алу бойынша полиция қызметкерлерінің өткізіп жатқан жұмыстарына қарамастан, велосипед ұрлығы жеңіл табысқа құмарлар арасында «танымал» болып қала беруде.
Петропавл қаласының Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері үш спорттық велосипед ұрлады деген күдікпен екі ер адамға қатысты қылмыстық істі тергеуде. Ұрлық мамыр айында түнде Васильев көшесіндегі үйдің ашық кіреберісінен жасалған. Иелері қос доңғалақты көліктерінің жоғалғанын бірнеше күннен кейін ғана анықтаған. Олар бұл туралы бірден полицияға хабарлады. Келтірілген шығын көлемі 400 мың теңгеден асты.
Полицейлер бейнебақылау камераларына жазылған жазбаларды зерделеп, нәтижесінде күдіктілер анықталып, ұсталды. Олар Нұр-Сұлтан қаласының 19 және 22 жастағы тұрғындары болып шықты. Алдын ала тергеу барысында велосипедтер Оlх қосымшасы арқылы 30 000 теңгеге сатылғаны белгілі болды.
Аталған факті ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігі (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бүгінде екі велосипед табылып, иелеріне қайтарылды.
– Велосипедтерді көшеде, әсіресе супермаркеттердің, дүкендердің, кіреберістердің жанына және азаматтар көп жиналатын жерлерде қараусыз қалдырмаңыздар. Ұрлыққа қарсы сапалы құрылғыларды пайдалану, велосипедтің маркасы мен сәйкестендіру нөмірін білу маңызды. Ұрлық орын алған жағдайда дереу полицияға 102 нөмірі бойынша қоңырау шалыңыз немесе 102 мобильді қосымшасын пайдалануларыңызға болады, – деді Петропавл қалалық ПБ Екінші полиция бөлімінің бастығы Талғат Смағұлов.