Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

30 жылын донор болуға арнаған қызметкер өзгелерді де қайырымды іске бастады

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты КА-168/3 мекемесінде тек атаулы күнде ғана емес, өмірдің барлық жағдайында да белгілі бір қан тобына мұқтаж науқастарға донор болып келетін қызметкерлер бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекемедегі сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық тәрбие бөлімінің қызметкерлерін қан орталығына осындай тұрақты донор болып келетін қызметкер КА-168/3 мекеме бастығының орынбасары Сабырхан Мусабаев бастап барды. Ол өмірінің 30 жылдан астам уақытын мұқтаж науқастарға қан беруге арнап келеді.

– 18 жасымнан бастап, мұқтаж науқастарға қан беруді бастадым. Бастапқыда бұл іс қан тобына мұқтаж туысқандарға қан беруден басталды. Кейін, бұл істің соншалықты сауапты іс екенін және оған мұқтаж адамдардың көп екенін ескеріп, жүйелі түрде донор болуды қолға алдым. Қазір жасым 49-да және әлі күнге дейін өзімді жақсы сезінемін. Кей кездері қан тапсыру үшін ауруханалардан дәрігерлердің өздері көмек сұрап шығатын кездері болады. Ондай кезде әрине, қуана-қуана келісемін.  Жалпы, мұқтаж науқасқа қан беру сауапты іс болса, неліктен қолымыздан келетін нәрсені атқармасқа?! Сондықтан, бұндай ізгі істерді атқару – біздің азаматтық борышымыз деп есептеймін, – дейді Сабырхан Мусабаев.


Мұқтаж науқастарға қан тобымен көмектесуді өздеріне парыз санайтын КА-168/3 мекемесінің сотталғандар арасындағы әлеуметтік психологиялық тәрбие бөлімінің қызметкерлері арасында бұл күні бірінші рет қан тапсыруға барғандары да бар. Қайырымды іске бетбұрғандар бұдан былай тұрақты түрде донор болуға бекініп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру