Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Белгісіз біреулер үйден алтын бұйымдарды жымқырып кетті

Түркістан облысының полицейлері алтын бұйымдарды жымқырып кеткен күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келеді. Әйел өз арызында оның қала сыртына демалысқа шыққанын пайдаланған белгісіз адамдар, үйінде ешкім жоқ уақытта терезе арқылы заңсыз кіріп, ұрлық жасағанын жеткізді. Ұры тұрғынның бірнеше алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірген шығын көлемі екі миллионға жуық теңгені құрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.

Түлкібас АПБ-де алтын бұйымдарын ұрлау қылмысын ашуға, күдіктіні ұстауға тәжірибелі жедел уәкілдер жұмылдырылды. Шұғыл іздестіруге көшкен тәртіп сақшылары қажетті шараларды іске асырды. Нәтижесінде күдіктінің жеке-басы анықталып, кінәлі азамат Шымкент қаласынан ұсталды. Ол бұдан бұрын ұрлықпен екі рет сотты болған, Бәйдібек ауданының тұрғыны болып шықты. Күдікті ұрлаған алтындарды ломбардқа өткізіп, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсағаны анықталды. Қазіргі уақытта қамауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болып, мүліктерін сақтау үшін шаралар қабылдау қажеттігін ескертеді. Тәртіп сақшылары мүмкіндігінше үйлер мен пәтерлерге бейнебақылау камералары мен Күзет дабылын орнатуға кеңес береді. Сондай-ақ, терезелерге темір торлар мен кіретін есіктерге сенімді құлыптар қою керек. Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға “102” телефоны арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру