Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

92 жастағы тыл ардагері жаңа куәлік алды

Алматы облысының полицейлері 92 жастағы тыл ардагеріне жеке басын анықтайтын жаңа куәлігін табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында 92 жастағы зейнеткер, тыл еңбеккері, еңбек ардагері Александра Рыжкова көші-қон қызметіндегі тәртіп сақшыларының қолынан жаңа жеке куәлігін алды. Кейуана ескі куәлігін жоғалтып алған екен.

Полицейлер егде адамның мемлекеттік органдарға келуін талап етпестен, жаңа құжатын ардагердің үйіне әкеліп берді.

“Бұл – бір реттік шара емес, тұрақты жұмыс жасап тұрған жүйе. Біз өздігімен келуге мүмкіндігі жоқ адамдардың құжаттарын үнемі үйіне жеткізіп береміз. Ал, бұл жағдай Жеңіс күні – Ұлы мерекемен тұспа-тұс келді”,- деп атап өтті Алматы облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының басшысы Елмұрат Нұрсеитов.

Александра Ильинична өзінің еңбек жолын бала кезінен үш шаруасына көмектесуден бастаған. Содан кейін колхозда жұмыс жасады. 18 жасында ата-анасымен Үштөбе қаласына көшіп келіп, кірпіш зауытына жұмысқа орналасқан. Сылақшы-сырлаушы кәсібін игеріп, зейнет жасына жеткенге дейін аудан орталығындағы көптеген көпқабатты үйлердің құрылысына белсенді атсалысқан.


Зейнеткердің еңбек қызметі ұзақ әрі тұрақты жұмысы үшін төрт медальмен атап өтілген. Ең соңғысын 2010 жылы Жеңіс күніне орай табыстаған.


Егде тартқан, аурушаң анасының атынан оның қызы Лариса құқық қорғаушыларға қамқорлығы мен құрметі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық тіледі. Сондай-ақ соғыс көрген және одан кейінгі қиыншылықтарды жеңген қарияларды бағалауға шақырды.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру