Шымкенттік тұрғын бөтеннің көлігін эвакуаторға салып, ұрлап кетті
Шымкенттік тұрғын бөтеннің көлігін эвакуаторға салып, ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Қаратау ауданының Полиция басқармасына қала тұрғыны Nexia маркалы автокөлігін белгісіз біреу ұрлап кеткені туралы арызданған. Оның айтуынша, Сайрам тұрғын алабы Юлдашев көшесінің бойында көлігі бұзылып қалып, сол жерде тастап кеткен, екі тәулік өткеннен кейін аталған мекенжайға барған уақытында көлігінің жоқтығын байқаған.
Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлері жедел-тергеу жұмыстарын жүргізді. Осылайша, орын алған ұрлық фактісі сол маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалғанын анықтады. Бейнежазбада ер адамның көлікті эвакуаторға салып, алып кеткені анық көрінген.
Атқарылған жұмыстың нәтижесінде, бейбақылау камераларының көмегімен Қаратау аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері ұрлық жасаған 27 жастағы азаматты ұстап, басқармаға жеткізді.
Қазіргі таңда аталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен (Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру) қылмыстық іс тіркеліп, одан әрі сотқа жолдау үшін прокуратураға жолданды.