Түркістан облысында төтенше жағдай кезінде полицияға 900-ден астам адам жеткізілді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2022 жылғы 19 қаңтарға дейін еліміздің аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқаруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыста комендант болып Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков бекітілді. Түркістан облысына кіру және шығу жолдарында бірнеше блок-бекет орнатылды, онда жолаушылардың автокөліктері мен құжаттары мұқият тексерілуде.
Түркістан облысының коменданты Қайрат Дәлбеков облыстағы жағдайды толығырақ айтып берді.
– Шеру кезінде жағдайды пайдаланып, Жетісай, Арыс, Сарыағаш аудандарындағы, Кентау және Түркістан қалаларында бүлік шығаруға тырысты. Мәселен облыс орталығында 500-ден астам адам көшеге жиналып, жолдарды, сондай-ақ теміржолдарды жаппақшы болған. Түркістан қаласының түркітілдес мемлекеттердің рухани астанасы және әлемнің түкпірінен зиярат етіп келетіндер көп болғаны ескеріле отырып, полицейлердің алдында нақты міндет тұрды: яғни қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал мұны полицейлер мүлтіксіз орындады. Нақты және жедел іс-әрекеттердің арқасында Түркістан облысы ПД қызметкерлері шұғыл қимылдап, жаппай тәртіпсіздік пен заң бұзушылыққа мүлде жол бермеді. Жалпы, төтенше жағдай енгізілген уақытта полиция бөлімдеріне түрлі құқық бұзушылықтармен 900-ден астам адам жеткізілді, оның ішінде 329 адам төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Дәлбеков.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы аумағындағы жағдай тұрақты.
Естеріңізге сала кетейік, облыс аумағында төтенше жағдай 2022 жылдың 19 қаңтарына дейін енгізілген және коменданттық сағат кешкі 23.00-ден таңғы 07.00-ге дейін жұмыс істейді. Сондықтан облыс полицейлері тұрғындар мен қонақтарға қоғамдық тәртіпті сақтауға және аса қажеттілік болмаса көшеге шықпауға кеңес береді.