СҚО полицейлері өткен жылы мыңнан астам мас жүргізушіні ұстады
СҚО полицейлері өткен жылы мыңнан астам мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жылдың алғашқы сағаттарында Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Крепостная көшесінде көлікті сенімсіз басқарып келе жатқан ВАЗ-21124 автокөлігін тоқтатты. Көлік тізгінінде отырған 23 жастағы жүргізуші алкогольдік масаң күйде болған. Көлікті мас күйде жүргізгені үшін оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша материал жиналды.
Бұдан кейінгі күндері дәл осы бап бойынша тағы екі жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Тағы бір жүргізуші медициналық куәландыру өтуден бас тартыпты. Полицейлер бұл үшін ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы бойынша жауапкершілік көзделгенін естеріңізге салады.
Тексеру нәтижесінде 26 жастағы жүргізушінің көлік құралын басқару құқығы болмағаны анықталды. Сотпен оған 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түрінде жаза тағайындалды.
– Көлікті масаң күйде жүргізуге жол бермеу қажет. Жүргізушілерден ҚР Жол жүрісі қағидаларын қатаң ұстануын сұраймыз. Бұл ауа райы күрт өзгеріп, көктайғақ болған кезде өте маңызды. Адамдар өмірі мен денсаулығы жол қозғалысына қатысушылардың сақтығына байланысты, – дейді Петропавл қалалық ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Өткен жылы СҚО жолдарында тәртіп сақшыларымен барлығы 1 173 мас жүргізуші ұсталды.