Түркістан облысының полицейлері 15 тұрғынды алдап кеткен күдіктіні ұстады
Түркістан облысының полицейлері 15 адамды алдап, 20 млн теңге шығын келтірген күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғынның бірі алаяққа алданғаны туралы арызданып келген. Онда белгісіз азамат үйіне келіп, өзінің ауыл тұрғындарының жағдайын көтеру мақсатында көмек беріп жатқаны туралы айтып көрсеткен. Осылайша жәбірленуші әйелді зейнетке шығарып беретінін айтып, ұялы телефонына бірнеше рет суретке түсірген. Арада бір айға жуық уақыт өткеннен соң жәбірленушіге банк қызметкерлерінен несиені төлеу жөніндегі хабарлама келген. Мұны көрген ол өзінің алаяқтың қармағына ілінгенін түсінген. Содан соң бірден полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Келтірілген жалпы шығын көлемі бір млн теңгеге жуық.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Хабарлама келісімен қазығұрттық сақшылар аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында қажетті шаралардың барлығын жүзеге асырды. Көрген-білген куәлардан жауаптар алып, болуы мүмкін деген аймақтарды мұқият тексерді. Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарынан жауап алу барысында осындай жайтпен тағы 14 адамның алданғанын анықтады. Мұны білген полицейлер күдіктіні одан әрі іздеуге кірісті. Осылайша жинақталған ақпарат көздері арқылы жұмыс жасаған полиция қызметкерлері күдіктінің тұрғылықты мекенжайын анықтады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті ер адам қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам бұрын банктердің бірінде жұмыс жасаған. Содан соң біреудің атынан несие рәсімдеудің қыр-сырын меңгеріп, оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осындай арам пиғылмен ауыл тұрғындарын бірінші күні келгенде көмек беретініне сендіріп, біріне ақша берсе, енді бірінің дүкендегі қарызын жауып берген. Тұрғындардың сеніміне кірген ол келесі күннен бастап өзінің ойын іске асыра бастаған. Барлығының атынан несиеге қымбат ұялы телефондар алып, алғанын алғандай сатып жіберіп отырған. Ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Бүгінде алаяқтың құрбаны болған тұрғындар 20 млн теңге шығынға батып отыр.