Успен ауылдық округінің әкіміне жолдарды тиісінше күтіп ұстамағаны үшін айыппұл салынды
Успен ауылдық округінің әкіміне жолдарды тиісінше күтіп ұстамағаны үшін айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 4-7 ақпан аралығында Успен ауданының полиция бөлімінің полицейлері «Жаяу жүргінші» жедел алдын алу іс-шарасын өткізеді.
Павлодар облысы Успен ауданының әкімшілік полиция бастығы Александр Семенченконың айтуынша, полицейлердің назарына жол жүру ережелерін бұзған жаяу жүргіншілер мен оларды өткізбеген жүргізушілер ғана емес, жаяу жүргіншілер өткелінің жағдайы да кіреді.
Мысалы, 4 ақпанда Успенка ауылында тексеру кезінде орталық көшедегі «жолақ» қар мен мұздан тазартылмағаны анықталды. Сондықтан аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабын бұзғаны үшін (Жолдарды күтіп ұстау талаптарын орындамағаны үшін) Успен ауылдық округінің әкіміне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сәйкесінше оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ лауазымды тұлғаға кемшіліктерді жою туралы ұйғарым берілді.