Түркістан облысында жоғалған жасөспірім қыз Алматыдан табылды
Түркістан облысында жоғалған жасөспірім қыз Алматыдан табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, студент қызының жоғалғаны туралы хабарлады. Әйелдің айтуынша, оның 17 жастағы қызы түскі сағат 15:55 шамасында оқу орнынан белгісіз бағытқа шығып кетіп, үйіне қайта оралмаған. Жақындары өздіктерінен үш күн бойы іздестіріп, таба алмады. Тәртіп сақшылары уақыт өткізбестен, бірден іздеу шараларын бастап кетті.
Шұғыл қыздың баруы мүмкін жерлер тексерілді. Жасөспірімнің құрбылары мен туыстарынан жауап алынды. Полицейлер жинақталған ақпарат көздері арқылы қыздың Алматы қаласындағы туысының үйінде жүргенін анықтады. Осылайша екі күн бойы үзіліссіз жүргізілген жедел-іздестіру шаралары оң нәтиже беріп, жоғалған қыз Алматы қаласынан табылып, отбасына қайтарылды.
Белгілі болғандай, жасөспірім мен анасының арасында түсінбеушілік орын алып, салдарынан қызы үйінен кетуді ойлаған. Содан ешкімге айтпастан, Шымкент қаласындағы туысының үйіне барып, одан ары Алматыға кетіп қалған. Мұнда туысына үйінде екенін ешкімге айтпауды өтінген. Алайда қырағы полицейлер қыздың жүрген жерін дереу анықтап, оны дін-аман тапты.
Қазіргі таңда қызбен психолог сөйлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Ата-анасымен профилактикалық шаралар атқарылуда.