Марат Төлебаев елордалық полицияның бірқатар нысандарын аралады
«Қазақстандық полицияның сервистік моделі» жобасын енгізу аясында Нұр-Сұлтан қаласы ПД бастығы Марат Төлебаев елордалық полицияның бірқатар нысандарын аралады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Олардың арасында полицияның учаскелік пункттері, модульдік үлгідегі стационарлық бекеттер бар. Олар қолжетімді болуға мүмкіндік береді және қылмыстық қол сұғушылықтан қорғаудың тиімділігін арттыра отырып, полицияның азаматтардың сұрау салуларына уақтылы және сапалы ден қоюын қамтамасыз етеді.
Елордада полицияның заманауи сервистік пункттері бар. Полицияның жаңа сервистік пунктінің артықшылықтарының бірі – онда барлық қажетті жағдайлар жасалған. Олардың бірі Қордай көшесінде орналасқан. Заманауи және ыңғайлы кеңседе балалары бар аналар үшін жеке кабинет бар, жасөспірімдермен жұмыс істеуге арналған кабинет қарастырылған. Полиция пункті бейнебақылау камерасымен толық жабдықталған, сондай-ақ, онда қаланың электрондық картасы әзірленген.
«Біздің міндетіміз – ең алдымен полиция пунктіне баратын тұрғындар үшін заманауи жайлы жағдай жасау», – деді Марат Төлебаев.
Учаскелік полиция пунктін аралау барысында полицияның сервистік моделін енгізу бойынша жобалық топпен кездесу өтті. Пилоттық жобаның нәтижелері туралы «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» қоғамдық қорының ұлттық сарапшысы Назгүл Ерғалиева егжей-тегжейлі таныстырды.
«Сервистік полицияның негізгі міндеті – полицейлердің жұмысын әрбір өтініш берушіге, жәбірленушіге және құқық бұзушыға қатысты сапалы қызмет көрсетуге ауыстыру. Бұл орайда қызметтің сапасы дегеніміз мерзімінде орындаушылық, заңдылық, ақпараттылық, сыпайылық пен жан-жақтылық», – деді сарапшы өз сөзінде.
Мемлекет басшысы ішкі істер органдары алдына ішкі істер органдарының қазіргі заманғы, технологиялық, халықтың сеніміне ие жүйесін құру және олардың қауіпсіздігі жөнінде міндеттер қойды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жергілікті полиция қызметін «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты бойынша реформалауға кірісеміз. Бұл жерде басты рөл құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы негізгі буын болып табылатын учаскелік полиция инспекторларына беріледі», – деп атап өтті елордалық Полиция департаментінің бастығы.
Процестерді оңтайландыру негізінде «тиімді учаскелік» моделі жасалады. Полиция қызметкерлерінің қызметін бағалаудың негізгі критерийі халықтың сенім деңгейі болып табылады. Учаскелік полиция инспекторлары сеніп тапсырылған аумақтағы барлық проблемалар туралы жедел білу үшін көп қабатты үйлердің тұрғындарының жалпы үй чаттарына қосылған. Азаматтардың қажеттіліктеріне жедел ден қою мақсатында барлық учаскелік инспекторлар 300 мыңға жуық азаматты қамти отырып, 2000-нан астам чатта тіркелген.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында цифрлық инновацияларды енгізу және дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қала көшелерінде арнайы құрылғылар орнатылады, олар заңға қайшы әрекеттер немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде дабыл сигналын беруге және полицияға шұғыл қоңырау шалуға арналған. Азаматтар осы құрылғының батырмасын басқан кезде жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен дереу байланыса алады. Орнатылған бейнекамераның көмегімен бейнетүсірілім қамтамасыз етіледі. Барлық деректер жүйеде автоматты түрде тіркеледі. Мұндай жаңашылдық азаматтардың барлық өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.