Шымкент полицейлері көпбалалы отбасыға көмек көрсетті
Шымкент полицейлері көпбалалы отбасыға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 ақпанда Абай ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері көмекке мұқтаж отбасының шаңырағына барды. Отбасыда үш ұл бір қыз бар.
Қиын өмірлік жағдайға тап болған жанұя Шымкент қаласының Құрсай шағынауданында тұрады. Отағасы Айдарәлі Омаров пен үйдің кенжесі 6 жасар Сымбат денсаулықтарына байланысты мүмкіндіктері шектеліп, төсек тартып қалған жандар. Көпбалалы 32 жастағы ана Ұлжалғас Досыбаева тәулік бойы қызы мен жұбайына күтім жасауы қажет болғандықтан жұмыс істемейді. Мектепте оқитын үш ұлы аналарына барынша көмектесуге тырысады.
Отбасының кешіп жатқан тұрмыстық күйі туралы білген соң полицейлер оларға мұндай қиын кезеңде көмек көрсетуге шешім қабылдады. Тәртіп сақшылары жанұяға азық-түлік пен қажетті заттарды алып барды.
– Абай АПБ-ның жеке құрамы бұл отбасына көмек көрсету бастамасын бірауыздан қолдады. Полиция қызметкерлері мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын, сондай-ақ қайырымдылық шараларына ұдайы түрде қатысып тұрады, – деп атап өтті полицей Қуаныш Мамешов.
Өз кезегінде балалардың әжесі полицейлерге үлкен алғыс пен жылы лебізін білдірді.