Павлодарлық полицейлер жолда қырағы болуға шақырады
Павлодарлық полицейлер жолда қырағы болуға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер жүргізушілер мен жолаушыларды ауа райының нашарлауына, қатты жел мен қарға байланысты республикалық және облыстық маңызы бар кейбір трассалар автокөлік қозғалысына қауіп төндіретіні туралы ескертеді.
– Павлодар облысының полицейлері аймақтағы ауа райының жағдайын ескере отырып, республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды патрульдеуде. Барлық бағыттар бойынша жолдарда көрінудің нашар болуына байланысты жол-көлік оқиғалары болуы мүмкін. Тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының алдын алумен қатар жолда қалып қойған адамдарға көмек көрсету жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кету керек, Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Василий Скляр полиция қызметкерлеріне жолдарды патрульдеуді, жолда қалғандардың барлығына көмек көрсетуді тапсырды. Тапсырмаға сәйкес полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тәулік бойы патрульдеуде. Полиция қызметкерлері елді мекендерден тыс жерлерге шығу қиын екенін атап өтіп, азаматтарға шұғыл қажеттіліксіз алыс жолға шықпауға кеңес береді.
Сапар кезінде жолдарда барынша мұқият және абай болу керек, жылдамдық режимі мен маневр жасау ережелерін қатаң сақтау керек.