ШҚО-да ҚАЖ қызметкерлері еркін күрестен ауданаралық жарысқа қатысты
ШҚО-да ҚАЖ қызметкерлері еркін күрестен ауданаралық жарысқа қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайысты Шемонаиха ауданының әкімшілігі ұйымдастырды. Бәсекеге ауданнан 20-дан астам палуан қатысып, боз кілемде белдесті. Білек күшімен қарсыластарының жауырынын жерге тигізген палуандарға аудандық әкімшіліктен алғыс хаттар пен сыйлықтар табысталды.
Осы додалы жарыста ШҚО бойынша ҚАЖД-ға қарасты ОВ 156/6 мекемесінің қызметкерлері де қалыс қалмай, екі санатты салмақ дәрежесі аралығында 80-нен жоғары салмақпен және 80-нен төмен салмақта күресті. Күрес нәтижесінде, қауіпсіздігі жоғары мекемесінің тәртіп бөлімінің бастығы Ринат Султабаев I-ші орынға ие болды. Ол еркін күрестен спорт шебері, 80-нен жоғары салмақ дәрежесіндегі Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, одан басқа самбо мен қоян-қолтық ұрыстардың жеңімпазы. ҚАЖ саласында өткізілетін халықаралық турнирлардың жүлдегері.
Палуан жігіттің спортқа деген қызығушылығы бала кезінен басталған, сондай-ақ футбол мен атқа мінуді де ұнататынын айта кетті. Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет атқарғанына қарамастан әлі күнге дейін жаттығып отыратынын жеткізді.
– Спорттағы кумирім өзіміздің жерлесіміз – Дәулет Болатұлы. Ағамыз сияқты болуды армандадым. Бүгінгі жарыстың мақсаты – жастарымызды осы күреспен шұғылдануға баулу. Осы екі
жылда карантин шектеулеріне байланысты мұндай жарыстар аз өткізілді. Сондықтан осы жарысқа ерекше ынтамен қатыстық, – дейді Ринат.
Ринат бүгінде төрт ұл тәрбиелеп отыр, ұлдарының да осы спорт түрімен шұғылданатынын айта кетті.
Ал 80-нен төмен салмақта белдескен Қылмыстық-атқару жүйесінің жас палуаны Ерсін Тұрсын да I-ші орынды иеленген болатын. Ерсін бала кезден армрестлинг пен қазақша күрестен жүлделі орындарды иеленіп жүрген жас спортшы. Қазіргі уақытта ол жасақ бастығы лауазымында қызмет атқарып келеді.
– Қазақша күрес – ұлттық төл спортымыз, біздің күрес ешқандай спорт түрлеріне ұқсамайды. Бұл ұлттық спорт түрі жылдамдық, ептілік, күш және айла-тәсілдердің кең түрлерін пайдаланумен маған өте қызық. Қазақша күресте негізгі мақсаттың бірі – әділдік, көрерменге асқан шабыт сыйлайтын спорттың түрі, – деп атап өтті жас қызметкер Ерсін.
Шара аса тартысты, қызық өтті. Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың сөзінше, бәсекеге қатысушы палуандарға халық риза болды. Сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрермендер атынан зор алғыс жауды.