Маңғыстау облысы Полиция департаментінде қазақ күресінен жарыс өткізілді
Маңғыстау облысы Полиция департаментінде қазақ күресінен жарыс өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан полициясының 30 жылдық мерекесін атап өту қарсаңында Маңғыстау облысы ПД “Динамо” спорт кешенінде ішкі істер органдары қызметкерлері арасында қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылды. Сайыстың ашылу салтанатында департамент бастығының орынбасары Болатбек Ақшауов алғысөз сөйлеп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шараның мақсаты – ІІО қызметкерлері арасында қазақ күресі спорт түрін дәріптеу, Маңғыстау облысы ПД құрама командасын республикалық чемпионатқа қатысу үшін іріктеу және сапалы дайындау.
Спорттық сайыста 47 спортшы және 8 командалық топ бақ сынасты. Жарыс алты түрлі салмақ дәрежесіндегі қатысушылар арасында өткізілді. Олардың ішінде 15 қатысушы жүлделі орындарға ие болса, төртеуі “Түйе Палуан”, “Үздік қабілет үшін”, “Үздік тәсіл үшін” және “Жеңіске деген ерік үшін” номинацияларымен марапатталды. Ал, командалар арасынан озып алға шыққан “Арлан” арнайы жасағы болды. Екінші орынды ЖҚАЖ командасы, үшінші орынды Ақтау қаласы Полиция басқармасының командасы иеленді.
Жүлделі орын алған командалар мен қызметкерлерге марапаттау рәсімінде бағалы сыйлықтар және медальдар табысталды.