ҚР полициясына 30 жыл – 30 жас қызметкер ант қабылдады
Жамбыл облысында ҚР полициясының 30 жылдығына орай 30 жас қызметкер ант қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты шара даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған жері Жуалы ауданындағы батырдың музейінде өтті.
Жиынға Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД бастығы Нияз Рыспаев, оның орынбасары Еркін Нұрбаев, Талғат Молдажанов және жеке құрам қызметкерлері мен жас сарбаздардың ата-аналары қатысты. Алдымен ҚАЖ департментінің жеке құрамы мен жас сарбаздары сапқа тұрды.
Шараның ашылу салтанатында департамент бастығы Нияз Рыспаевтың бұйрығымен батырды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Мұнан соң, департамент бастығы Нияз Қанатұлы жиналғандарды Қазақстан Республикасының полициясының 30 жылдығымен құттықтады.
– Қай кезеңде де құқық қорғау қызметкерлері – еліміздің қауіпсіздігінің тірегі, тыныштығымыздың сенімді кепілі және мемлекеттік беделдің өлшемі. Тәуелсіздік жылдарында елімізде кәсіби полиция қызметкерлерін қалыптастыру мақсатында түрлі реформалар ұйымдастырылды. Еліміздің тыныштығына толықтай жауап беретін бағдарламар қабылданды.
Бүгінде біздің елдің тәртіп сақшылары – барлық қазақстандықтардың қорғаны. Қарулы Күштер қатарындағы қызмет әрбір азамат үшін зор мақтаныш, – деді Н.Рыспаев.
Шара барысында Нияз Қанатұлы Б.Момышұлының немере інісі Бекет Момынқұлға шапан жауып, бағалы сыйлықтар табыстап, құрмет көрсетті. Өз кезегінде батырдың туысы департамент басшылығына алғысын білдіріп, батырдың өнегелі өміріне қызығушылық тантықан ҚАЖ қызметкерлерімен жиі-жиі кездесуге дайын екенін жеткізді.
Бұдан кейін, жас сарбаздар кезекпен саптан шығып, Ант мәтінін дауыстап оқып, Отан алдында адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етті. Шара барысында 30 жас қызметкер Ант қабылдап, Мемлекеттік Әнұран орындалды.
Шара соңында Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.