Түркістан облысында жігіттер жалға алған ойын құралын ломбардқа өткізіп жіберген
Түркістан облысында жігіттер жалға алған ойын құралын ломбардқа өткізіп жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, Sony Playstation 5 ойын құралын белгісіз біреулер жалға алып, қайтармай қойған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі – 700 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.
Тәжірибелі тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Полицейлердің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті ретінде Отырар ауданы мен Жаңақорған ауданының тұрғындары анықталып, ұсталды.
Анықталғандай, күдікті жас жігіттер Sony Playstation 5 ойын құралын жалға алып, оны қаражат тапшылығына байланысты ломбардқа апарып өткізіп жіберген. Қазіргі таңда оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.