Сарыағаштық жігіт сыныптасының атынан несие рәсімдеп алған
Сарыағаштық жігіт сыныптасының атынан несие рәсімдеп алған, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жас жігіттің айтуынша, өзінің танысы әбден сеніміне кіріп, оның атынан 850 мың теңге ақшалай, 1,1 млн теңгеден астам қаржыға тауарлы несие рәсімдеген.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды. Тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстауға бағытталған шараларды жүзеге асырды. Олар хабарлама түскеннен соң көп уақыт өтпей күдікті жас жігітті қолға түсірді.
Анықталғандай, күдікті жәбірленушінің сыныптасы болып шықты. Сезікті жігіт сенің банк шотыңа ағам ақша аударады деп оның банк қосымшасын өзінің телефонына орнатып алған. Банк қосымшасы арқылы несиелер рәсімдеп, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.