Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің саны 20%-ға азайды
Қостанай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің саны 20%-ға азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының әйелдер күштері Альянсының қолдауымен Полиция департаментінде зорлық-зомбылық мәселесімен айналысатын тергеушілер қатысқан маңызды іс-шара өтті.
Мамандар өткізетін тренинг тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін шешуге, осы санаттағы қылмыстық істерді тергеу кезінде психологиялық сауаттылықты арттыруға, мамандықтағы психологиялық шаршаудың аспектілерін зерттеуге бағытталған. Ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осы маңызды мәселеге ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар ұсынылды.
Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбеков бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар белсенді қосылатынын атап өтті. Қостанай облысының әйелдер күштері Альянсымен қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында осы бағытта тұрақты түрде түрлі іс-шаралар өткізіледі.
– Бірлескен жұмыс нәтиже беріп келеді. Жыл басынан бері өңірде тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің 20%-ға төмендегені байқалады. Іс жүзінде кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны екі есеге азайды. Сондай-ақ, 4500-ден астам қорғау ұйғарымы шығарылып, сот құқық бұзушылардың мінез-құлқына 809 ерекше талап қойды, – деп хабарлады Ерлан Омарбеков.
Бірлескен жұмыстың тағы бір маңызды аспектісі – ішкі істер органдары жүйесінде гендерлік теңдік қағидаттарын сақтау. Іс-шарада Қостанай облысының әйелдер күштері Альянсының алғыс хаттарымен тергеуші, ювеналды полиция, әкімшілік полиция лауазымдарында қызмет ететін және ерлермен тең дәрежеде қызмет атқаратын әйел-полицейлер марапатталды.
– Қостанай облысының әйелдер күштері Альянсы ынтымақтастық аясында полицейлердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі, – деп атап өтті үкіметтік емес ұйымның төрағасы, А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ ректорының кеңесшісі, педагогика ғылымдарының докторы Римма Бектұрғанова.
Бірлескен күш-жігер осы бағыттағы түбегейлі өзгерістерге бағытталған.