Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Түркия Республикасының Жандармерия нұсқаушыларымен кездесті
Нұр-Сұлтанда ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов майор Сердар Йылдыз бастаған Түркия Республикасының Жандармерия нұсқаушыларын қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін Түркия Жандармерия нұсқаушылары даярлау, сондай-ақ курстарды ұйымдастыру саласындағы одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
1-13 тамыз аралығында 3477 әскери бөлімінің дағдарысқа қарсы оқу орталығының негізінде Түркия Республикасы Жандармерия нұсқаушылары Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілеріне курстық дайындық жүргізді.
Құқық тәртіп әскерінің нұсқаушылары Түркия Республикасының Жандармерия міндеттерімен танысты.
Өз кезегінде бауырлас елдің нұсқаушылары қару-жарақты басқару, автомат пен тапаншадан практикалық атыс жүргізу бойынша практикалық сабақтар өткізді. Сондай-ақ қалалық жағдайда қозғалысты жоспарлау, әртүрлі типтегі баспаналарды дайындау, бронетранспортерлерді қолдану бойынша тәжірибе алмасты.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов Ұлттық ұлан Түркияның Жандармериясымен өзара іс-қимылға зор мән беретінін және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. Сондай-ақ ол арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жеке құрамының кәсіби шеберлігін дамытуға елеулі үлес қосқан түрік нұсқаушыларына алғысын білдірді.
Сердар Йылдыз бүгінгі таңда Түркия тарапы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қатыса алатын мергендерді, оққағарларды, саперлерді, жауынгерлік жүзушілерді, кинологтарды және басқа да мамандарды даярлау саласында қосымша курстар ұйымдастыру мүмкіндігіне ие екенін атап өтті.
Әскердің Бас қолбасшысы алынған тәжірибе арнайы жасақ бөлімшелерінің қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауы кезінде пайдаланылатынына және күнделікті қызметте Ұлттық ұланның барлық әскери қызметшілері арасында қолданылатынына сенім білдірді.