154 сіріңке қорабына салынған есірткіні қызметтік-іздестіру иті анықтады
Қызылорда облысында 154 сіріңке қорабына салынған есірткіні қызметтік-іздестіру иті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда-Жезқазған тас жолының 12-шақырымында Ақтай бекетіне кезекшілікке түскен Қызылорда облысы ПД Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор-кинолог Азамат Пазылов Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынының басқаруындағы Hyundai Elantra автокөлігін тоқтатқан. Ол Түркістан қаласынан Жезқазғанға бара жатқан.
Тексеру барысында өзіне бекітілген Елай атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен автокөліктің жүк салғышынан жол сөмкесіне салынған 154 сіріңке қорабына салынған және полиэтилен пакетіне оралған есірткі анықталды. Экспертиза қортындысына сәйкес, анықталған есірткі жалпы салмағы 1014,87 гр болатын кептірілген марихуана екені белгілі болды.
Қазіргі таңда жүргізуші күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі 3-тармағымен (Аса iрi мөлшердегі есірткі заттарды, өткізу мақсатында заңсыз тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кететін жайт «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Қызылорда облысы аумағына бекеттер қойылып, есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында екі ауысыммен жұмыстар атқарылуда.
Есірткі қылмысына қарсы күресте қызметтік-іздестіру иттері таптырмас көмекшіге айналды. Іс-шара барысында кинолог мамандармен қызметтік-іздестіру иттерін пайдалану арқылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты сегіз қылмыстық құқық бұзушылық деректері анықталып, жалпы салмағы 2250,08 гр. болатын есірткі заттары алынды.