Павлодарлық тұрғын жалған құжат жасап, жұмысқа орналаспақ болған
Павлодарлық тұрғын жалған құжат жасап, жұмысқа орналаспақ болған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Павлодар облысында құжаттарды қолдан жасаудың 32 фактісі тіркелді. Кезекті факті мемлекеттік қызметке үміткерлерді тексеру барысында анықталды.
Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны мемлекеттік мекемелердің бірі лауазымына жұмысқа орналасу үшін құжаттарын тапсыра отырып, елордадағы университеттердің бірін бітіргені туралы диплом берген. Ол ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығы тексеріледі деп ойламаған. Университеттің жауабына сәйкес, жігіт аталған оқу орнын бітірген түлектер тізімінде жоқ, оған университетті бітіргені туралы диплом берілмеген.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 385-бабының 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар, құжаттарды қолдан жасау (дайындау) фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 385-бабының 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.