Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жыл басынан Петропавл полицейлері 63 адамды маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге жіберді

Жыл басынан Петропавл полицейлері 63 адамды маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге жіберді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ащы су – жанжал – пышақ. Бұл спирттік ішімдікпен өтетін отырыстың сценарийін полицейлер мен медицина қызметкерлері жақсы біледі. 9 айдың ішінде Петропавлда бірлесе ащы суды ішу барысында 22 адам ауыр дене жарақаттарын алған. Тәртіп сақшылары спирттік ішімдікті асыра ішу – қылмыстардың жасалуына түрткі болатын факторлардың бірі екенін атап өтті. Жалпы жыл басынан Петропавлда алкогольдік масаң күйде жасалған 190 қылмыс тіркелген.

Бұдан бөлек, отбасылық жанжалдардың басым бөлігі ащы судың кесірінен орын алады, қаңтар айынан облыс орталығында бұндай 957 жанжал тіркелген. Қала көшелерінде 206 мас жүргізуші ұсталған, олардың әрқайсы жол-көлік оқиғасына себепші болуы мүмкін. Учаскелік полиция инспекторлары қылмыстың алдын алу бойынша қабылдап жатқан шаралардың арасында алкогольге қарсы заңнаманы сақтау, ащы суға тәуелді адамдарды мәжбүрлеп емделуге жіберу шарасы да бар.

– Алдымен маскүнемнің жақындарына емханаға өтініш жазу керек. Адамдар маскүнемнің түзелем деген уәделеріне сеніп, біразға дейін осы қадамға бармайды. Бұл маскүнемнің қалыпты өміріне оралуына және қылмыс жасау қаупін төмендетуде үміт сыйлайды. Учаскелік инспекторлар туыстарына маскүнемді емге жіберу рәсімін түсіндіріп, медицина қызметкерлеріне көмек көрсетеді. Жыл басынан Петропавлдан мәжбүрлеп емделуге 63 адам жіберілді, – дейді Петропавл қаласы ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ахмағамбетов.

Бұдан басқа, облыс орталығының полицейлері спиртті заңсыз сатқаны үшін 65 адамды, алкогольді түнгі уақытта, лицензиясыз, кәмелетке толмағандарға сатқаны үшін 27 дүкен иесін жауапкершілікке тартты. Спирттік ішімдікті ішкені немесе қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін 3700 адам жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 15 мың литрден астам алкоголь алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру