Ақмола полицейлері істен шыққан көліктің жүргізушісіне көмектесті
Ақмола полицейлері істен шыққан көліктің жүргізушісіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 қазанда сағат 02:00 шамасында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Жақсы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ЖҚС жанында авариялық дабылы қосылып тұрғанLada Granta автокөлігін байқады. Жүргізушінің айтуынша, Жақсы ауылының жанындағы «Екатеринбург-Алматы» автожолында оның көлігі істен шыққан: газ тарату механизмінің белдігі үзілген.
– Біз жолда шамамен бір сағат тұрдық, балалар тоңып қалды, көлік тез суып кетті, – деді ол.
Өтіп бара жатқан көліктерді тоқтату әрекеттері сәтсіз аяқталды. Полицейлер қиын жағдайға тап болған елорда тұрғындарына көмек көрсетті. Полиция қызметкерлері Сансызбай Омаров пен Еркебұлан Тұрмағамбетов автобөлшектер дүкенінің иесінен кеш болса да дүкенді ашып, қажетті бөлшекті сатуды сұрап, шеберлерді іздеп тапты.
Тәртіп сақшыларының көмегінің арқасында елорда тұрғындары үйлеріне аман жетті. Көлікте жүргізуші мен оның жұбайынан басқа кәмелетке толмаған екі бала болған.
– Көмектері үшін көп алғыс және полиция қатарында осындай жауапкершіліктері мол қызметкерлер көбейе берсін, – деп атап өтті Азамат.