Павлодарда әйел зейнеткердің сейфінен ақша ұрлап кеткен
Павлодарда әйел зейнеткердің сейфінен ақша мен алтын шынжырын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар полициясына 64 жастағы зейнеткер ұрлық туралы арызбен жүгінді. Оның айтуынша, сол күні оның танысы қонаққа келген. Ол үйден кеткеннен кейін жәбірленуші сейфтің бос қалғанын байқаған.
Тәртіп сақшылары ұрлық жасады деген күдікпен облыс орталығының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Анықталғандай, ол сол күні жәбірленушімен бірге ішімдік ішкен. Зейнеткер басқа бөлмеге кірген кезде әйел сейфтен 875 мың теңге ақша мен алтын шынжыр ұрлап кеткен.
Күдіктіден 200 мың теңге мен алтын шынжыр тәркіленді, ал қалған ақшаны ол өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.