Қостанай облысында браконьер ұсталды
Қостанай облысында браконьер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қостанайлық полицейлер «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында ақбөкендердің мүйізін заңсыз сақтаған адамды ұстады. Арқалық қаласының тұрғыны оларды сатпақ болған.
Арқалық қаласы полициясының және Жангелдин ауданының табиғатты қорғау полиция бөлімінің, Қостанай облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ақбөкеннің 30 мүйізін тәркіледі.
– Арқалық қаласының Жаңақала ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан Тоққожа қыстауының аумағында 55 жастағы ер адам ұсталды. Арқалық тұрғыны ақбөкендерді атып, мүйіздерін сатқан деген күдікке ілінді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды, – деп түсіндірді Қостанай облысы ПД КҚПҚ табиғат қорғау полициясы бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Газретғали Әлімгазин.
Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.