Арқалықта Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы ашылды
Арқалықта Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі таңда елімізде 40-қа жуық Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы жұмыс істейді. 20 желтоқсанда Арқалық қаласында «Жол картасын» іске асыру аясында тағы бір оңалту орталығы жұмысын бастады. Қазіргі уақытта мекеме 10 адамды қабылдай алады. Бұл санды жиырмаға дейін арттыру жоспарда бар. Оның 15-і ерлер үшін, бесеуі әйелдерге арналады.
Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы тәулік бойы ауырлығы орташа мас адамдарға медициналық көмек көрсету үшін жұмыс істейді. Мекеме Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығының құрылымдық бөлімшесі болып саналады.
– Арқалық қаласында Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының ашылуы көптен бері жоспарланып келген еді. Енді мұнда мас адамдар жеткізілетін болады, – деп атап өтті Арқалық қаласы Полиция басқармасының бастығы Нұрбол Сәден.
Айта кету керек, мұндай орталық Арқалық қаласына қажет болды. Мәселен, отбасылық жанжал шығарушыларды мас күйін куәландырғаннан кейін уақытша ұстау бөлмелерінде оқшаулаған. Өңірде мас күйінде жасалған қылмыстардың төмендеуі байқалады. Олардың көпшілігі әкімшілік құқық бұзушылық санатында жасалады. Екі жұмыс күн ішінде Арқалық қаласының екі тұрғыны уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді.