Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай полицейлері аязда жолда қалған жолаушыларға көмектесіп жатыр

Қостанай полицейлері аязда жолда қалған жолаушыларға көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен тәулікте республикалық және облыстық маңызы бар жолдар қатты аязға байланысты жабылды. Осыған байланысты полицейлер күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Тәртіп сақшылары жолда қалып қойған жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетті. Барлық жағдайда азаматтар оларды құтқарған полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Денисов ауданында Түркия азаматтары Қостанай – Қарабұтақ тас жолында рөлге ие бола алмай жол жиегіне шығып кеткен. Олар арнайы техниканы Түркиядан Қарағанды облысына апара жатқан. Қанша әрекет жасаса да, көлікті жолға шығара алмағасын олар «102» қызметіне қоңырау шалды. Оқиға орынына патрульдік полиция қызметкерлері Асхат Сәлімов пен Юрий Кабанец келді. Жағдайды бағалай отырып, олар құтқару жұмыстарына жол қызметтерін тартып, көлікті сәтті эвакуациялады. Сондай-ақ жүргізушілерге қажетті көмек көрсетілді.

Көрші мемлекеттің азаматтарын құтқару операциясы Қостанай ауданында да орын алды. Онда тәртіп сақшылары Ресейге бара жатқан Тәжікстанның 15 азаматын құтқарды. Олар мінген автобус дизель отынымен жүреді. Қатты аязға байланысты ол жолда оталмай қалған. Шақыруға келген полицейлер 15 адамды, оның ішінде 4 баланы эвакуациялады.

Барлығы Тобыл қаласындағы жылыту пунктіне жеткізілді. Полиция қызметкерлері автобусқа жанармай құйып, жолаушыларға сәт сапар тіледі. Ұзынкөл ауданында полиция қызметкерлері ірі жүк көлігін облыс орталығына дейін шығарып салды. Ол Солтүстік Қазақстан облысынан тауық жұмыртқаларын алып бара жатқан. Көлікте салқындату жүйесі бұзылған. Мұндай ауа райында өнім қатып қалуы мүмкін еді. Бірақ полицейлердің тез және үйлесімді әрекеттерінің арқасында жүк тиісті жерге жеткізілді. Қостанайда патрульдік полицейлер Қайырбеков көшесінде қозғалтқышы істен шыққан жүргізушіге көмектесті.

– Қатты аяздан менің көлігім оталмады. Жол бойында көліктерді тоқтатуға әркет жасап едім, бірақ жүргізушілер оған мән бермеді. Абырой болғанда, патрульдік полиция қызметкерлері Берікхан Сейітқұлов пен Нұрсұлтан Уәлиев тоқтап, менің көлігімді қажетті жерге сүйреп апарды. Көрсетілген көмек үшін оларға алғысымды айтамын, – деді қала тұрғыны Евгений Гребнев.

Полицейлер трассаларда күшейтілген кестеде патрульдеуді және жүргізушілерге көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда температураның төмендеуіне байланысты 4 республикалық және 6 облыстық маңызы бар жолдар жабық. Осыған байланысты полиция қызметкерлері алыс шығуға шықпауды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру