Петропавл полицейлері 20 мас жүргізушіні ұстады
Петропавл полицейлері қаңтар айында 20 мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мас күйде көлік жүргізіп қана қоймай, медициналық куәландыру өтуден бас тарту үшін қатаңырақ жаза көзделген.
Қаңтар айының соңында түнгі сағат 03:00 шамасында Нива автокөлігін жүргізіп келе жатқан 36 жастағы қала тұрғынын патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тоқтатты. Интернационал көшесі бойымен жүрген оның қозғалысы жол сақшыларына күмәнді көрінді. Жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шығып тұрды. Алайда ол масаңдық деңгейін анықтау үшін ұсынылған медициналық куәландыру өтуден бас тартты. Бұл әрекетімен ол жағдайды ушықтыра түсіп, заң алдындағы жауапкершіліктен жалтара алмады.
Көлікті мас күйде басқару үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру көзделсе, медициналық куәландырудан өтуден бас тарту үшін сол мерзімге әкімшілік қамауға алу және 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру қарастырылған.
– Мас күйде көлік жүргізу жол қозғалысының барлық қатысушыларының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Осындай фактілердің жолын кесу – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды шара. Қаңтар айында облыс жолдарында 20 мас жүргізуші тоқтатылды. Оның 15-і түнгі уақытта ұсталды. Кейде бірге көңіл көтеріп жүрген достарын, таныстарын жолаушы ретінде жанына мінгізіп алып жүретін мас жүргізушілер ұсталады, – дейді Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Қанат Әлімжанов.