Жамбыл облысында дүкен тонаған алматылық тұрғындар қолға түсті
Шу қаласында дүкен тонаған алматылық тұрғындар қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 ақпан күні Шу ауданы полиция бөліміне 46 жастағы жергілікті тұрғыннан дүкенінен кешкі сағат 21:30 шамасында белгісіз екі азаматтың азық-түлік және ішімдік заттарын алып, ақшасын төлемей, ашық жымқыру арқылы иеленіп, қашып кеткені туралы арыз түскен.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 3-тармағымен (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Аудандық полиция қызметкерлерінен құрылған жедел тергеу тобы оқиға орнында тексеру жұмыстарын жүргізіп, күдіктілердің ізі суымай анықталып, біреуі ұсталды. Олар 21 және 23 жастағы Алматы облысының тұрғындары болып шықты.
Ұсталған ер адам Шу қаласына қасындағы досының Lada автокөлігімен қыдырып келгендерін айтып, дүкеннен тауар алып, төлемей кетіп қалғандарын мойындады. Оған қатысты ҚР ҚПК-нің 128-131-бабының талаптарына сай шара қолданылып, уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Қазіргі уақытта екінші күдіктінің қайда жүргендігін анықтау мақсатында іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.