Түркістандық полицейлер автокөліктерден қосалқы бөлшектер ұрлап жүрген күдіктілерді қолға түсірді
Түркістандық полицейлер автокөліктерден қосалқы бөлшектер ұрлап жүрген күдіктілерді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын автокөлік бөлшектері ұрланғаны жөнінде арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреулер оның ВАЗ көлігінен магнитофон мен аккумуляторын ұрлап кеткен. Осыған ұқсас шағымдармен полицияға тағы бірнеше автокөлік иелері жүгінді.
Оқиға орнына шыққан жедел-тергеу тобы автоұрыларды анықтап, ұстау мақсатында қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полицейлер екі күдіктіні, Сауран ауданының тұрғындарын ұстады. Жас жігіттер қылмыстарын толығымен мойындады. Олардың бөтеннің мүлкін ұрлаудың 4 дерегіне қатысы бары анықталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Күдіктілер негізінен автокөлік бөлшектерін ВАЗ көліктерінен жымқырып отырған. Адамдардың жоқтығын пайдаланып, көліктердің антеннасы, аккумуляторы, динамиктері және басқа да құнды заттарын ұрлаған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 170 мың теңгені құрады.
Осы деректер бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.