Екібастұз ПБ қызметіндегі нәзік жандылар арасында стритболдан турнир өтті
Екібастұз ПБ қызметіндегі нәзік жандылар арасында стритболдан турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде полицияда көптеген әйел қызметкерлер жұмыс істейді. Ер адамдармен тең дәрежеде әйел тергеушілер, анықтаушылар, криминалистер, жедел уәкілдер, штаб, кезекші бөлім, ювеналдық полиция, кеңсе қызметкерлері еңбек етіп келеді. Екібастұз қаласының полиция басқармасында барлығы 78-ге жуық нәзік жанды жұмыс істейді.
Әдемі көктем мерекесі қарсаңында Екібастұз қаласы полиция басқармасы алты құрама командасы арасындағы стритболдан турнир өткізілді.
– Мен ішкі істер органдарының әйел-қызметкерлеріне жылы лебізімді білдіремін, олар қиын кәсіпті таңдап, күн сайын ер адамдармен қатар халықтың игілігі үшін қызмет атқарады. Күрделі міндеттерді орындау және кәсіби жетістіктерге жету сізге әйелдердің нәзіктігін сақтап қалуға кедергі келтірмейді, – деді Павлодар облысы Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Дархан Нысанбеков.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды басқармасының штаб командасы, екінші орынды тергеу бөлімі, үшінші орынды әкімшілік полиция мен уақытша ұстау изоляторының құрама командасы иеленді.
Жарыстың барлық қатысушыларына медальдар мен гүлдер табысталды.