Шымкентте алаяқ мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып беремін деп танысын алдап кеткен
Шымкентте кәсіп бастау үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаржы алып беремін деген алаяқ танысынан алдын ала ақша алып, алдап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай ауданы полиция басқармасына тұрғын жүгінген. Ол өз арызында, екі жылдан бергі танысы Үкіметтен кәсіп ашу үшін қайтарымсыз қолдау қаржы – грант алып беремін деген желеумен алдын ала 100 мың теңгесін алып, он ай бойы уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай сандалтып жүргенін жазып көрсеткен.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен күдіктінің жеке-басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылданып, жедел іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті жердің тұрғыны анықталып, жеткізілді. Жасы – 44-те, жұмыссыз. Бұрын-соңды істі болмаған.
Қазіргі кезде ұсталған әйел өз кінәсін мойындап отыр. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.